Ақмола облысының Бурабай курортында «SportFEST Kazakhstan» республикалық спартакиадасының ақтық кезеңінің ашылуы рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өтіп жатқан шараға еліміз бойынша 2003-2005 жылдары туған 7000-ға жуық оқушының арасында өңірлік сайыстарда үздік шыққан 561 бала қатысып, бақ сынауда.
Жастар жылына орайластырылған шараның ашылуына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Динар Нүкетаева, Нариман Төреғалиев, ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева және Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Баршаңызды «SportFEST Kazakhstan» республикалық спартакиадасының ақтық кезеңінің ашылуымен құттықтаймын. Бүгінгі таңда дене шынықтыру өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Елімізде бұқаралық спортты дамыту, жастар мен мектеп оқушыларының бос уақытын спорт залдары мен стадиондарда өткізуін насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде», деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, спартакиада маусымның 5-не дейін жалғасады. Спартакиада ұлдар арасындағы футзал, әскери қолданбалы спорт түрлері, шахмат, үстел теннисі, қыздар арасындағы баскетбол мен тоғызқұмалақ сияқты спорттың алты түрі бойынша өтуде.
Мәлімет көзі: Inform.kz