«SportFEST Kazakhstan» еліміздің әр өңірінен спортқа деген талабы жоғары, ойлауға деген таланты басым балаларды қолдау жобасы. Аталмыш республикалық спартакиадаға өткен жылы 6 мыңға жуық өрен қатысса, биыл олардың саны 7000-ға дейін артып отыр. Сонымен қатар, аталмыш республикалық жарыс бұқаралық спорт пен жастар арасында патриоттық тәрбие беру жолында ерекше маңызға ие.
Эльмира Суханбердиева, ҚР білім және ғылым вице-министрі:
– Бүгін осындай әдемі, осындай үлкен іс-шараға бәріміз куәгер болып отырмыз. Осындай спорттық спартакиада «SportFEST» деген Көкшетау өңірінде екінші рет өткізіліп жатыр. Оған біз әрине бәріміз қуаныштымыз. Әр өңірден балалар келіп жатыр. Қандай әдемі, керемет.
«SportFEST Kazakhstan» республикалық спартакиадасы екі кезеңді қамтиды. Алдымен, аймақтар аламандарын іріктейді, кейін спортшылар еліміз бойынша өзара мықтыны даралайтын болады. Айта кетейік, жастар жобасына – «Самұрық – Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мұрындық болып отыр.
Барлық Төреханов, «Samruk Kazyna Trust» жобалық басқармасының департамент директоры:
– Бүгінгі бұл өткізіп жатқан жоба, бұл – «SportFEST» жобасы. «SportFEST» жобасы бүкіл 17 аймақта өткізіліп жатыр. 17 аймақта былтырғы жылдан бастап, биыл 2 жыл қатарынан өткізілуде. Былтырғы таңда 6 мыңнан астам бала қатысса, биылғы таңда 7 мыңнан аса адам қатысты. Осы 7 мыңнан бала арасынан іріктеліп, 500 жас жеңімпазымыз іріктеліп, осы Щучинск қаласындағы «Балдәурен» шипажайына келіп ақтық сынға қатысуда.
Республикалық бәсеке әскери-қолданбалы спорт түрлері мен футзал, баскетбол, шахмат, теннис, сонымен қатар, тоғызқұмалақ сынды спорттың алты түрінен өтуде. Финалдық ойындарға еліміздің барлық аймағынан 102 команда жасақталып, 561 жасөспірім қатысып жатыр.
Олжабай Нұржан, жарысқа қатысушы (НҰР-СҰЛТАН Қ.):
– Осы фестивальға бірінші рет келдім. Мен шахмат спорты бойынша қатысып жатырмын. Менің ойымша, шахмат болашақта керек спорт деп есептеймін. Өйткені, шахмат ол логикалық және стратегиялық қабілеттерінді жақсы дамытады. Осы жарыс өте күрделі жарыс деп есептеймін. Өйткені, бүкіл Қазақстаннан тек 500 спортшы келген және солар ең мықтысы болып саналады. Енді барлығына тек сәттілік тілеймін.
Айта кетейік, жарыста қолданылған спорттық құрал-жабдықтар кейін ел аймағындағы 27 мектепке үлестірілмек. Ал, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жеңімпаздарға кубоктар мен бағалы сыйлықтар табысталатын болады.
Мәлімет көзі: Kokshetautv.kz